"ЕҢБЕГІ АДАЛ ЖАС ӨРЕН" 10 А сыныбының жолдаған "Шеберлік сыныбы шеруін" 7 б сынып оқушылары қабыл алды. Өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ұлттық құндылық пен салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында 7 б сынып ата -аналары мектеп әкімшілігінің қолдауымен "Алғашқы мүшел жас және малдың етін жіліктеу” атты шеберлік сыныбын өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – еліміздің болашағы жастардың рухани, мәдени дамуына қолдау көрсету және ұлттық құндылықтар мен тәлім-тәрбиені тереңнен насихаттау болды. Сонымен қатар 7 сынып оқушылары 13 жас, яғни мүшел жасқа толып отырғандықтан, балаларға алғашқы мүшел жас туралы мағлұмат бере отырып, бас амандығына мал сойып, қан шығару еді. Мүшел жас – қазақ халқының адам жасын есептеу үлгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында баланың 13 жасқа толуын алғашқы мүшелі деп санайды. Мүшел жас әр 12 жыл сайын есептеліп толып отырады. Әдетте мүшел жасқа толған адам бағалы заттарын сыйға тарту керек. Аллаға шүкіршілік етіп, өмірімізді ұзартуын тілеп, басқа да апаттардан сақтасын деген мақсатта садақа бергеннің оқасы жоқ. Мұсылманның берген садақасы өмірін ұзартып, жамандықтан қайтарады деп сенеді. Іс-шара барысында ұлдарға мал сою, жіліктеу, табақ тарту, қыздарға дастархан жаю, бауырсақ пісіру секілді практикалық сабақтар көрсетілді. Аталмыш шара барысында әрбір бала рухани азыққа кенеліп, ұлтқа, туған жерге, мәдениетіміз бен әдебиетімізге, тағлымымыз бен тарихымызға деген құрметін арттырғанына сеніміміз мол. Шеберлік сыныбын жоғары деңгейде ұйымдастырған 7 б сынып жетекшісі Айгерім Махамбетқызына және ата-аналарға үлкен рахмет айта отырып, келесі шараны бастауыш сыныптарға жолдаймыз. #біртұтас_тәрбие_атырау