oC
Махамбет ауданындағы Д.Төленов атындағы жалпы орта білім беру мектебінде қызметтік міндетін атқару барысында адам өмірін құтқарып, бейбіт күнде ерлікпен қаза болған полиция сержанты Ақымғалиев Шалхар Көшкінбайұлының есіміне арналған «Жас сақшы» сыныбында тәртіп сақшыларының қатысуымен сынып сағаты өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, Отанға адал қызмет етудің маңызын түсіндіру және полиция қызметінің жауапкершілігі мен ерекшелігін таныстыру.
Сынып сағаты барысында оқушыларға полиция қызметкерлерінің күнделікті атқаратын міндеттері, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары туралы айтылды.
Сонымен қатар, ерлікпен қаза болған полиция сержанты Шалхар Көшкінбайұлы Ақымғалиевтің өмір жолы мен қызметтік ерлігі кеңінен таныстырылып, оның есімі жас ұрпаққа үлгі екені атап өтілді.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі!