2026 жылғы 25 мамыр күні Д. Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде «Мектебім, саған, мың алғыс» атты салтанатты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.
Мерекелік шараға мектеп ұжымы, ата-аналар, оқушылар қатысып, оқу жылының аяқталуына арналған қуанышты сәттің куәсі болды. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, мектеп директорының міндетін атқарушы А. Тоқтарбеков құттықтау сөз сөйлеп, мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.
Биыл мектепті 44 түлек аяқтап, үлкен өмірге қанат қақты. Шара барысында білім, өнер, спорт және қоғамдық жұмыстарда ерекше жетістіктерге жеткен оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекелік бағдарлама аясында оқушылардың қатысуымен әндер орындалып, билер биленді, әсерлі көріністер қойылды. Түлектер алғашқы ұстаздарына, пән мұғалімдеріне және ата-аналарына жүрекжарды алғыстарын білдіріп, мектеппен қоштасудың әсерлі сәттері көпшіліктің көңілін толқытты.
Іс-шараның ең әсерлі кезеңдерінің бірі – мектеп бітіруші түлектерге арналған соңғы қоңыраудың соғылуы болды. Бұл сәт түлектердің мектептегі қызықты жылдарымен қоштасып, жаңа өмір белесіне қадам басқанын айшықтады.
Д. Төленов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің ұжымы барлық түлектерге алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуде сәттілік тілеп, өмір жолдарында мол табысқа, биік белестер мен жарқын болашаққа жетулеріне тілектестік білдіреді.





