Әр жыл сайын мектеп өмірінде ұстаз үшін де, шәкірт үшін де аса қадірлі көрінер, соның ішінде ұстаздың да, шәкірттің де жүрегінде толғаныс пен қимастық сезім ұялаған кезеңде, көңілін босатып, мектеп түлектерінің арман құсын аспанға шарықтатар соңғы қоңырау салтанатының орны бөлек екендігі даусыз.

Соңғы қоңырау.

Қарапайым ғана естiлер осы бір сөзде, шындығына келгенде, қаншама тылсым да мағыналы құдірет жатқандығын аңдаған жан ғана түсінер. Өйткені бұл бала шәкірттің алғашқы қоңырау үнін естігеннен кейінгі алғашқы ұстазымен бірге әліппесінен әріптерді таныған күндерінен бастап, соңғы қоңырау аралығындағы балғын да бақытты балалық шағы мен он бір жыл өткен өмірі көз алдынан зырғып өткендей бір келмес кезеңі.

Соңғы қоңырау- баланың дана ұясынан жез қоңырау үнін соңғы рет есту сәті ғой.

Соңғы қоңырау - балаң түлектің қимас көз жасы.

Соңғы қоңырау - талапты шәкірттің болашаққа деген іңкәр арманы.

Соңғы қоңырау- ол шәкірттік өмірмен қош айтқызып, азамат деп аталатын айбынды арғымақты ерттеп мінгізіп, жазығы кең, кедергісі көп даланы шарлауға деген шабытына шабыт қосатын үмітті кезеңі.

Құрметті жас түлектер!

Үлкен сынақтардан сүрінбей өтіп, армандаған маман иесі болыңыздар!

"Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң — Алланың сүйген құлының бірі боласың" дегендей, еліне ерен еңбегімен еленген, өмірлерің өнеге мен өнермен өрілген ұлтымызды ұланы болыңыздар!

Өмір атты сапардың аяғы талмас жолаушысы болуды Алла нәсіп етсін!