Оқушыларға айналасына мейіріммен қарауға, қайырымдылық істер жасауға және табиғатты аялап, қамқорлық танытуға баулу мақсатында Атырау облысы, Махамбет ауданы, Дүйсенғали Төленов атындағы мектеп-гимназиясында «Қазақстан – мейірімділік мекені» атты республикалық балалар бастамасына орай «Әлемді бірге құтқарамыз!» тақырыбында суреттер байқауы өткізілді. Байқауда оқушылар әлемді, табиғатын қалай әсемдеуге болатындығын суреттер арқылы жеткізді. Сонымен қатар оқушыларға топтық тапсырмалар беріліп, жалпы әлемдегі бейбітшілік, сүйіспеншілік, қайырымдылық, адамгершілік қасиеттері жайында сұрақтар қойылып, өз ойларымен бөлісіп отырды. Шара барысында өз танымдары мен қиялдарын жетілдіре отырып, әлемді қамқорлау әр азаматтың борышы екенін шеберлікпен жеткізе білді. Табиғатты аялауға, үлкендерге қамқорлық жасауға, жақсылыққа құштар болу мақсатында мағыналы суреттер салынды. Белсенді қатысқан оқушылар мектеп әкімшілігінің «Алғыс хатымен» марапатталды.