Жоспар бойынша мектебімізде түрлі іс-шаралар өтті. «Тәуелсіздік – Ұлы дала ұрпақтарына аманат» атты мерекелік онкүндік   4 желтоқсан күні 1-4 сыныптар арасында «Тәуелсіз елім – Қазақстаным» атты сурет көрмесі  мен  5-9 сыныптар арасында «Тәуелсіздік – аңсаған арман, қол жеткен мұрат» атты қабырға газеттерін, буклет, шығарма, альбом, рефераттар шығарудан басталды.

 

1-11 сыныптар арасында 6-14 желтоқсан күндері «Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат!», «Тәуелсіз елдің баласы», «Тәуелсіздік теңдесі жоқ байлығым», «Өр мінезді өжет қыз», «Желтоқсан жаңғырығы – Тәуелсіздік», «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік», «Желтоқсанда үзілген жауқазындар», «Тәуелсіздік бастауы - Желтоқсан» тақырыптарында сынып сағаттары, тәрбиелік шаралары, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – оқушыларға ата-бабаларымыздың тәуелсіздікке қалай қол жеткізгені туралы зерделеу, осы 27 жыл бойы қол жеткізген жетістіктеріміз туралы мәлімет беру, Отанды қорғауға тәрбиелеу. Сонымен қатар мектеп кітапханасы «Тәуелсіз елдің нұрлы таңы» тақырыбында кітап көрмесін жасақтады. Көрмеге елбасымыздың кітаптары да қойылды.

 

 

12 желтоқсан күні  «Қазақстан! Нұрсұлтан! Жас ұлан!» деп ұрандаған, жүрегінде жалыны бар белсенді оқушылар «Жас ұландар» мен «Жас қырандар» құрамына мүшелікке қабылданды. Мектеп-гимназия бойынша «Жас ұлан» қатарына – 20 оқушы, «Жас қыран» қатарына – 20 оқушы қабылданды. «Жас қыран», «Жас ұлан» ұйымына қабылданушыларға төсбелгісі және галстуктерді табыстау рәсімін мектеп директоры Т.Идркенова, оқу-тәрбие жұмысының орынбасары Ж.Дүйсенғалиева, тәрбие жұмысының орынбасары Л.Қуанышбаева, сынып жетекшілер және «Жас ұлан» ұйымының белсенді оқушыларына табыстады.

 

 13 желтоқсан күні 5-10 сыныптар арасында «Өнерімді еліме арнаймын» тақырыбында көркемөнерпаздар байқауы өтті. Байқау өнер, көркем сөз, көрініс кезеңдерінен тұрды. Оқушылар белсенділікпен қатысты.

 

14 желтоқсан күні онкүндіктің жабылуын мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Л.Қуанышбаева қорытындылап, белсене қатысқан сыныптарды «Алғыс хатпен» марапаттады, жиын мектеп өнерпаздары дайындаған мерекелік сазды бағдарламаға ұласты.

Мектеп ұжымы патриоттық тәрбие бағытындағы жүйелі жұмыстарын жалғастыра бермек.